![«Семей – Қайнар» жолына уәде етілген 900 миллион теңге әлі бөлінген жоқ](/article_photo/1533096699_article_b.jpeg)
«Қаншама халықты алдап отыр ма?»
Республикалық маңыздағы 300 шақырымға жуық жолдың аянышты жағдайын, соңғы рет 1990 жылы Абыралы ауданы құрылған кезде асфальтталғанын, содан бері, яғни 28 жыл бойы жөнделмегенін, тұрғындар айналдырған 270 шақырым жолды 6-7 сағат жүруге мәжбүр екенін газетіміздің 2017 жылғы 20 қарашадағы нөмірінде жарық көрген «Абыралыға баратын кім бар?» атты мақалада тәптіштеп жазғанбыз. «Жолдың ең сорақысы Қаражыра кенішіне бұрылар тұстан басталып, Қайнар ауылына дейін жалғасады.
Шұрық-тесік жолдың кейбір тұсының шұңқырлары 30-40 сантиметрге дейін жетеді. Бұл жолда жылдамдықты арттыру туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Не қолға, не аяққа маза жоқ. Машинаның қозғалтқышына да тыным жоқ. Жылдамдықты ауыстырасың да отырасың. Қалаға жеткенше дөңгелегің төрт бұрыш болады. Денсаулығымыз да жоқ. Абыралы өңірінің талай тұрғыны осы жолдың кесірінен атамекенін тастап, қалаға көшіп кетті. Бұл жолды жөндейтін кез жеткен жоқ па? Мұндағы халықтың қамын ойлайтын біреу бар ма, жоқ па?», деп налыған Ақбұлақ ауылының тұрғыны, зейнеткер Төлеуғазы Мәдиянов ақсақалдың сөзі де оқырманның есінде болар. Мақала шыққаннан кейін үш айдан соң осы мәселеге байланысты Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінен жауап хат келіп, оны газетте жариялаған болатынбыз («Семей-Қайнар жолының 38 шақырымы жөнделеді», 2018 жыл, 15 ақпан).
Аталған хатта «бұл мәселе облыс әкімдігінің назарында екендігін айтқымыз келеді. Өткен жылы республикалық маңыздағы «Семей-Қайнар» жолының 12 шақырымнан астам жеріне 318 миллион теңгеге орташа жөндеу жұмыстары және 100 шақырымға жуық аумағына 254 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл аталған жолдың 38 шақырымын жөндеу үшін республикалық бюджеттен 900 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр» делінген-ді. Әкімдіктің жауап хаты жарияланғаннан кейін Абыралы өңірінің тұрғындары редакцияға телефон шалып: «Биыл Абыралы ауданының құрылғанына 90 жыл толады. Бұл соған жасалған тамаша сый болды» деп ағынан жарыла алғыстарын жеткізіп, жолдың жөнделетініне ерекше қуанған еді. Алайда тұрғындар ерте қуанып қойған секілді. Өйткені, міне, көктемнің үш, жаздың екі айы өтті, республикалық бюджеттен бөлінеді делінген 900 миллион теңге қаражаттың бөлінер түрі көрінбейді. Қаржының бөлінбейтініне, жолдың жөнделмейтініне көзі жетті ме, жыл басында «жол жөнделеді» деп шаттанған тұрғындар «Облыс әкімдігінің берген жауабы өтірік болғаны ма? Бұл қалай болғаны? Қаншама халықты алдап отыр ма?» деп наразылықтарын білдіріп, бірінен соң бірі қоңыраулатып жатыр. «Әкімдіктің жауабын «Егеменнен» оқып, қатты қуанып едік. Берілген уәденің орындалмағаны, жолдың сол қалпында тұрғаны көңілімізді су сепкендей басқаны рас. Дегенмен, халық жол мәселесі аяқсыз қалмайды деп сенеді», дейді Қайнар орталықтандырылған кітапханасының директоры Тұрарбек Ахметов.
Комитет өтінімді қанша уақыт қарайды?
Әкімдік демекші, бұл мәселенің оңды шешілмей жатқанына әкімдіктің де кінәсі жоқ секілді. Мұны мәселенің анық-қанығын білейік деп «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамының облыстық филиалына хабарласқанымызда білдік. «2018 жылы республикалық маңызы бар «Семей – Қайнар» жолының 113-126 және 184-210 шақырымдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне бюджеттік өтінім жолданған. Алайда қазіргі таңда бюджеттік өтінім аталған комитетте қарастырылуда» деп жауап берген еді филиал директорының орынбасары Олжас Ахметов бір ай бұрын сауалымызға орай жолдаған хатында.
Жақында филиал директорының орынбасарымен сөйлескенімізде «ҚазАвтоЖол» мекемесінің облыстық филиалының басшылығы осы мәселеге орай облыс әкімі Даниал Ахметовке хат жазғанын жеткізді. Мәселенің жай-жапсарын облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсет Бейсенұлынан сұрағанымызда, ол Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың атынан хат жазылғанын, онда «Семей – Қайнар» жолын жөндеуге қатысты жоспарланған қаржыны бөлу мәселесі көтерілгенін айтты. «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамының облыстық филиалы директорының орынбасары Олжас Ахметов қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» тарапынан «Семей – Қайнар» жолын күтіп-ұстауға байланысты тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Аталған жолда биыл сәуір айынан бері үш бригада жұмыс істеуде. Жолдың 186 шақырымына шұңқырларды бітеу, сонымен қатар жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілді», дейді ол.
«Семей – Қайнар» жолының жөнделуіне қаржы бөлу мәселесін Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов көптен бері көтеріп жүр. Депутат Абыралы өңірінде бірнеше мәрте өңір жұртшылығының мұң-мұқтажын тыңдап қайтқан-ды. «Полигон аймағы тұрғындарының мәселесіне құлақ асып, Парламент мінберінен айтып жүргеніне алғысымыз шексіз. Н.Сабильянов 2018 жылы «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас», «Өскемен – Зырян – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары», «Өскемен – Семей», «Өскемен – Шемонаиха – Ресей федерациясы шекарасы», «Қарағанды – Аягөз – Боғас» автожолдарымен бірге «Семей – Қайнар» жолын орташа жөндеуге 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетінін айтқан еді. Аталған жол Шығыс Қазақстан облысының республикалық бюджеттен қаржыландыратын әлеуметтік-экономикалық даму жобалары қатарына енгенін де жеткізген болатын. Бәрі аяқ астынан өзгергенін түсінбей отырмыз. Бөлінеді деген қаржының бөлінбей отырғанына жергілікті жұрт наразы. Мәселе оңынан шешілмесе, Астанаға дейін бармақ ойымыз бар», дейді жолдың жайын айтып, әр мекеменің есігін тоздырып жүрген Қайнар ауылының тұрғыны Жәнібек Наурызбаев.
Абыралының туристік әлеуеті зор
Бұл жол Семейге қарасты Знаменка және Абай ауданына қарайтын Саржал, Тоқтамыс ауылдарының да үстімен өтеді. Соңғы жылдары сырқатына ем іздеген жұрт жиі баратын «Қоңыр әулие» үңгіріне де осы жол арқылы жетуге болады. Яғни бұл күре жолды Абыралының 5 мың тұрғынын қоса алғанда 10 мыңға жуық халық пайдаланады.
«Қоңыр әулие» үңгірі 2017 жылы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі мекендері тізіміне енгені белгілі. Бейресми дерек көздері суы шипалы саналатын қасиетті орынға жылына 10 мыңға жуық адам келетінін айтады. Қазіргі уақытта жан-жақтан келіп жатқан туристер «Қоңыр әулиеге» Абай ауданы арқылы, яғни айналма жолмен барып жүр. Егер жолға жөндеу жүргізілсе, қасиетті мекенге «Семей – Қайнар» жолы арқылы барған тиімді болары анық.
Биыл 130 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан әйгілі әнші Әміре Қашаубаев, кезінде Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның оң қолы болған, Ленинмен, Сталинмен қазақ автономиясы жөнінде келіссөз жүргізген Алаш ардақтысы Халел Ғаббасовтың «Семей – Қайнар» жолы бойындағы Ақбұлақ ауылында дүниеге келгенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Ұлы Абайды жас шағында өзіне тәнті еткен Тоғжанның бейіті де осы жолдың бойындағы Тоқтамыс ауылының жанында екендігінен көпшілік бейхабар. Сары қымыз сапырған атақты Саржал ауылы да осы жолдың бойында тұр.
Ерекше атап өтерлігі, «Семей – Қайнар» күре жолы білгір ғалым Рымғали Нұрғалиев, кешегі кеңес заманында республикамыздың Ішкі істер, Оқу және Қаржы министрі болған Қабылбек Шырақбаев пен Рымбек Байсейітов, балалар әдебиетінің классигі Сапарғали Бегалин, арынды ақын Төлеужан Ысмайылов, ядролық физика саласының академигі Жабағы Тәкібаев секілді тұлғаларды тудырған Қайнар ауылынан басталады. Әйгілі Құнанбай әкесі Өскенбайға асты Абыралының «Сегіз ауыл» деген жерінде берген деген деректер бар. Ендеше «Семей – Қайнар» жолын жөндеу арқылы Абыралы атырабына, Семей өңіріне туристерді тартуға мүмкіндік мол. Сондықтан Семей қаласы әкімдігі алдағы уақытта Абыралы өңіріндегі тарихи орындар бойынша арнайы туристік маршрут әзірлеуді қолға алса құба-құп.
Түйін
Бір сөзбен айтқанда, 30 жылға жуық жөндеу көрмей ойдым-ойдымы шыққан «Семей – Қайнар» жолының тағдыры қазір Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне тіреліп тұрған секілді. Министрлік қаржы бөлсе, жол жөнделеді. Бөлмесе, «баяғы жартас – сол жартас», таз қалпында қала беретін секілді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы